Марқұмның анасы қызын өлтіріп, мәйітін пәтерден лақтырып жібергеніне сенімді
Осыдан бір жыл бұрын Грузияда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтпаеваға қатысты іс өз-өзіне қол жұмсады деген қорытындымен сотқа тапсырғалы жатыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына марқұмның анасы хабарлады.
«Істі жауып, сотқа тапсырғысы келеді. Кімге сенерімді білмеймін. Істі созып, әуре-сарсаңға салып жүр. Енді маған Грузияға ұшуға тура келеді, басқа амал жоқ. Біз Грузия елшілігі арқылы бұл мәселелер бойынша қолдаухат бердік»,- дейді марқұмның анасы.
Еске салсақ, 26 жастағы Әсел Айтпаеваның қазасы туралы ақпарат 2021 жылдың 5 мамырында шыққан. 12 мамырда марқұмның денесі елге жеткізіліп, Қабанбай батыр ауылына жерленді.
Грузияның құқық қорғау органы 57 жастағы Бесо Тордуаны «қыз зорлады және оны өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі» деген айыптармен қамауға алған еді. Алайда көп ұзамай Тордуа түрме ауруханасында қайтыс болды.
Марқұмның ата-анасының арызы бойынша оның туысы Мұрат Мейірбеков қамауға алынды. Ол Әселді Грузияда жұмыс істеуге шақырған. М.Мейірбеков «адам саудасымен айналысты» деген күдікпен бірнеше айдан бері түрмеде отыр.