Аязда қолдарына сәбилерін ұстап, бала-шағасын ертіп жолға шығатындар да кездесіп жатыр
Өткен тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдары аязды күнде боранға қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалған 379 адамның өмірін сақтап қалды.
ТЖМ қызметкерлері 218 рет көмекке келіп, адамның өмірі мен денсаулығын құтқарды. Құтқарушылар 105 жерде өрт сөндіріп, 113 рет іздестіру, апаттық-құтқару жұмыстарымен айналысқан. Соның нәтижесінде 379 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.
ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтап, дабылды ескертулерді, ауа райының өзгеруін, жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды бақылап, тағы да алыс сапарларға шықпауға шақырды. Бірақ соған қарамай, боранды күнде туған күнді тойлауға, қайтыс болған адамның отбасына көңіл айтуға, жаназа намазға қатысуға, қырық күндік асқа жолға шығып жатқан адамдар аз емес.
Аязда қолдарына сәбилерін ұстап, бала-шағасын ертіп жолға шығатындар да кездесіп жатыр.