×

Қостанай облысының әкімі Торғай өңірін дамытуға уәде берді

Бұл үшін арнайы инвестициялық карта жасалады

 Дастан Жұмабекұлы 25.05.2022 | 11:09
фото: http://tobyl-torgai.kz/

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов кешеден бері Торғай өңірін аралап, жергілікті халықпен кездесулер өткізіп жүр.

Бүгін ол сағат 15.00-де Арқалықтағы Қазақ жасөспірімдер театрында халықпен кездеседі. Кеше облыс әкімі Амангелді және Жангелдин аудандарында болды. Осы жерде ол Торғай облысының ашылуына мүдделі ынталы топтың мүшелерімен кездесіп, өңірді дамыту бойынша қолға алынатын іс-шараларды талқылады.

Ынталы топтың мүшесі, журналист Ербол Мәндібектің айтуынша, облыс әкімі Торғай өңірін дамытуға уәде берді. Бұл үшін арнайы инвестициялық карта жасалады. Картаны жасауға облыс әкімі көмектеседі. Алдағы маусым айында құзырлы мекемелердің басшылары ынталы топтың өкілдерін қабылдап, осы жобаны қолға алады. Яғни, Торғайға инвесторлар шақырып, арнайы жоба бойынша өңірді экономикалық дамыту бағдарламасын дайындап береді.

Екінші мәселе, облыс әкімі Арқалық пен Дежавинск қалаларының арасындағы шоқалақ жолды 2023 жылдың соңына дейін бітіруге уәде берді. Осы іспен «Қазавтожол» мекемесі айналысады.

Үшіншісі - Торғайдағы ауыз-су мәселесі. Өңірге 450 млн теңгеге су тартылған. Бірақ, судың сапасы нашар, сын көтермейді. Бізге тұрғындардан шағым келіп жатыр. Алдағы уақытта судың сапасын жақсарту үшін қосымша қаражат бөлінеді. Осы күзде Торғай жастарының форумы өтеді, - деді ол.

Қостанай облысының  әкімі Архимед Мұхамбетов ынталы топтың мүшелерімен кездесудің нәтижелі болғанын айтты.

Азаматтар келіп, көптеген өзекті мәселені көтерді. Барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналып отыр. Біз алдағы кезде Торғай өңіріне инвесторларды тартамыз. Егер инвесторларға арналған интерактивті карталарды дайындасақ, Торғайдың дамуына оң әсер етеді. Біз инвесторларды тарту үшін бірігіп жұмыс істейміз. Бүгін сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты да біраз пікір алмастық. Бұл мәселе бойынша да ортақ шешімге келдік. Алдағы кезде бірігіп жұмыс істейміз, - деді облыс әкімі.

Осылайша облыс басшысы ынталы топпен және жергілікті халықпен кездесуде Торғай өңірін дамыту мәселесі бойынша уәде берді.

Бүгін түс ауа жоғарыда айтқанымыздай, облыс әкімі халықпен кездесу өткізеді. Онда да Торғай облысының қайта ашылуы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Амангелді, Жангелдин аудандары, Арқалық қаласы мен оған қарасты елді-мекендердегі халықтың жағдайын жақсарту мәселелері қаралады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, жол құрылысы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты атқарылатын іс-шаралар мен басқа да мәселелер талқыланады делінуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама