Бүгін Астанада жауған қар айлық нормадан асып кетті

Динара Амантай

Екінші ауысымның 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқып жатыр

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бір тәулікке созылған аяздан кейін Астанада бүгін таңертең қарлы боран қайта басталды. Соның салдарынан қалада ескерту жарияланып, екінші ауысымның 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар мөлшері айлық нормадан асып кеткен.

Астанада 10 қаңтарда бұлтты, түнде қар, күндіз жауын-шашын (негізінен қар), боран болады. Күндіз көктайғақ. Оңтүстік-батысқа ауысатын оңтүстік-шығыс жел 9-14 м/с-ке, екпіні 15-20 м/с-ке, күндіз 23-28 м/с-ке жетеді. Ауа температурасы – түнде -16-18, күндіз -1-3 аяз, - делінген хабарламада.

Күндізгі ауысымда көшелерді қардан тазартуға 1600-ден аса арнайы техника мен 2 400-ден аса жол жұмысшысы шыққан.

Жауын-шашынның мол болуына байланысты қарды тазарту жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр. 9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түні шамамен 50 мың текше метр қар шығарылды, бұл – 3 444 жүк рейсіне тең. Қыс мезгілінің басынан бастап елордада 1 654 224 текше метр қар шығарылды, бұл 121 мыңнан астам ауыр жүк рейсін қамтиды.

Қалада жиналған қар арнайы полигондарға шығарылады. Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған. Бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған», - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.