Түркия НАТО-дан шығуы мүмкін
Осы елдің депутаты түркі және ислам елдерін ортақ ұйым құруға шақырды
Түркия Парламентінің депутаты Девлет Бахчели өз елінің Швеция мен Финляндияға қойған талаптарын орындамаса, Солтүстік Альянстан шығуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.
Ол Түркияның Скандинавия елдеріне НАТО-ға қосылу үшін бірқатар талап қойғанын айтты.
Егер Швеция мен Финляндия біздің талаптарымызды орындамаса, Түркия НАТО-дан шығуы мүмкін, – деді ол.
Саясаткер Солтүстік Альянсты Түркияға құрметсіздік көрсетті деп айыптап, түркі және ислам елдеріне НАТО-дан бөлек қауіпсіздің ұйымын құруды ұсынды.
Ол Швецияға ауыр айыптар тақты. Мысалы, оның айтуынша, Швеция Корольдігі Күрдістан жұмысшы партиясы (PKK) арқылы терроризмді қаржыландырып, оған әскери көмек көрсетіп келеді. Оған дәлел ретінде депутат Скандинавия елдерінің ПКК мен ФЕТО мүшелерін экстрадициялау туралы өтініштерін қабылдамағанын айтты. Сол себептен ол Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруі туралы өтініштерінің қабылдануы «Түркия жауларымен» жасалған келісім деп атады.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Түркияның Скандинавия мемлекеттерінің НАТО-ға кіру өтінішіне қарсы болғанын жазды. Режеп-Тайып Ердоған бұл елдердің мүшелігіне келісім бере алмайтынын айтты. Оның айтуынша, егер Түркия Швеция мен Финляндияның Солтүстік Альянсқа мүше болуына келіссе, НАТО қауіпсіздік ұйымы емес, лаңкестердің өкілдері жиналған ұйымға айналады.
Ескерте кететін бір нәрсе, ұйымға мүше елдердің біреуі келісімін бермесе, ешқандай мемлекет одаққа қабылданбайды.
Бүгін Швеция мен Финляндияның үкіметтік делегациялары өз елдерінің НАТО-ға қосылуын талқылау үшін Түркияға келді.