Ақтөбе облысында жеңіл көлік суға батып кетті

Динара Амантай

Көлікте болған 1 адам қаза тапты

Фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысында жеңіл көлік суға батып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 15:52-де Шалқар қаласындағы Шалқар көлінде «ВАЗ-2110» жеңіл автокөлігі мұз астына батып кеткен. Оның ішінде 3 адам болған.

1980 және 1971 жылы туған 2 адам өз күштерімен жағаға шыққан. Құтқарушылар оларды жылжымалы уақытша жылыту пунктіне орналастырды. Оларға медициналық көмек қажет етілмеді. 1972 жылы туған үшінші адам суға батып кетті. Сағат 17:45-те құтқарушылар батып кеткен адамның денесін мұз астынан алып шықты, – делінген хабарламада.

Мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін 10 сантиметрден кем емес, бұқаралық спорттық және мерекелік іс- шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 сантиметрден кем емес болуға тиіс.

Мұз үстінде болған кезде мынадай жайттарға рұқсат етілмейді:

  • мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға;
  • мұздың жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтанып жиналуға;
  • мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға;
  • өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлікпен мұзға шығуға;
  • от жағуға;
  • мұзда қоқыстарды қалдыруға.