Ақтөбе облысында жеңіл көлік суға батып кетті
Көлікте болған 1 адам қаза тапты
Ақтөбе облысында жеңіл көлік суға батып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 15:52-де Шалқар қаласындағы Шалқар көлінде «ВАЗ-2110» жеңіл автокөлігі мұз астына батып кеткен. Оның ішінде 3 адам болған.
1980 және 1971 жылы туған 2 адам өз күштерімен жағаға шыққан. Құтқарушылар оларды жылжымалы уақытша жылыту пунктіне орналастырды. Оларға медициналық көмек қажет етілмеді. 1972 жылы туған үшінші адам суға батып кетті. Сағат 17:45-те құтқарушылар батып кеткен адамның денесін мұз астынан алып шықты, – делінген хабарламада.
Мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін 10 сантиметрден кем емес, бұқаралық спорттық және мерекелік іс- шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 сантиметрден кем емес болуға тиіс.
Мұз үстінде болған кезде мынадай жайттарға рұқсат етілмейді:
- мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға;
- мұздың жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтанып жиналуға;
- мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға;
- өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс көлікпен мұзға шығуға;
- от жағуға;
- мұзда қоқыстарды қалдыруға.