×

Қырғызстан мен Өзбекстанның арасын жалғастыратын жасырын жерасты жол табылды

Оның ұзындығы - 270 метр

 Дастан Жұмабекұлы 25.05.2022 | 09:30
Фото: facebook.com/gknb.official

Қырғыз Республикасының  Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Facebook-тегі парақшасында Қырғызстан мен Өзбекстан арасын байланыстыратын жасырын жерасты жолы табылды. Оның ұзындығы - 270 метр.

Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, құпия жерасты жолы 20 мамыр күні Ош облысы Қара-Сүй ауданы Тельман ауылынан табылған.

Жерасты жолдың тереңдігі - 15 метр. Тоннельге кіретін есіктің биіктігі - 1,8 метр, оның ені - 1,5 метр. Кіреберістен шекара сызығына дейін 40 метр, кіреберістен шығысқа дейін 270 метр екені анықталды. Бұл жол «М.А.М.» учаскесінде табылды. Оның иесі қазір Жалал-Абад облысының Қызыл-Жар психиатриялық ауруханасында емделіп жатыр. Бұл адамның ақыл-есін тексеру болады, - делінген Қырғызстан МҰҚК хабарламасында.

Қазір жерасты жол табылған жерде қылмысқа қатысы болуы мүмкін құралдар мен заттар алынып жатыр.

Бұған дейін 5 мамырда Қырғызстанның Жалалабад облысында қырғыз-өзбек шекарасы маңында өзбек шекарашылары үш қырғыз азаматына оқ атқан болатын. Қырғызстанның шекара қызметінің хабарлауынша, 1974, 1998 және 2000 жылдары туған қырғыз азаматтары оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Бірақ үшеуі де есін жимастан, қайтыс болған.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара қашықтығы 1378 шақырым. Оның 85% немесе 1170 шақырымы белгіленген. Қалған 10% келісімге келген, 5% даулы күйінде қалып тұр.

Осыған дейін Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Камчыбек Ташиев қырғыз-өзбек шекарасындағы мәселелер 100 пайыз шешімін тапты деп мәлімдеген. Ол екі ел арасын байланыстыратын құпия жерасты жол туралы әзірге ештеңе деген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама