Велоспортшы Дастан Ордабай – халықаралық жарыстың жеңімпазы!
Ол 2 алтын медаль алып, аутизм спектрі бұзылған алғашқы азиялық спортшы атанды
Велоспортшы Дастан Ордабай Аустралияның Балларат қаласында өткен Trial Virtus Oceania Road Cycling World Series жарысының жеңімпазы атанды.
World Cycling Series жарысына мүгедектігі бар велоспортшылар қатысады. Биылғы додада 62 пара спортшы жарысты.
Қазақстан атынан бұл турнирге «Зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ пара-спортшысы, аутизм спектрі бұзылған Дастан Ордабай қатысты. Астаналық спортшы II-3 санатына (зияткерлік бұзушылықтар) 18,8 шақырым қашықтықтағы жеке уақыт жарысында (Time trial) және 5,5 шақырым қашықтықтағы критериумда (Criterium) күш сынасты.
Дастан Ордабай 2 алтын медаль жеңіп алды. Ол аутизм спектрі бұзылған алғашқы азиялық спортшы атанды, – деді федерация президенті Дина Темірғалиева.
Осылайша, велоспорттан спорт шеберіне кандидат Дастан Ордабай 2024 жылғы Trial Virtus Oceania Road Cycling World Series жеке жарысында алтын медаль жеңіп алып, бірінші орын иеленді.
Спортшы былтыр маусым айында Францияның Вичи қаласында өткен зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған VI Дүниежүзілік VIRTUS ойындарына қатысып, жарысқа іріктелген болатын. Сол кезде оған «Велоспорттан спорт шеберіне кандидат» спорттық разряды берілді.
Бүгін Астана қаласының халықаралық әуежайында Дастан Ордабайды салтанатты күтіп алу шарасы болады.