×

Атақты футболшы Франц Беккенбауэр қайтыс болды (ВИДЕО)

«Кайзер Франц» әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен 3 адамның бірі болды

 Дастан Жұмабекұлы 09.01.2024 | 10:25
Фото: news.pn

Германияның атақты футболшысы әрі жаттықтырушы, әлем чемпионы, үздік футболшыға берілетін «Алтын доп» сыйлығын екі рет алған Франц Беккенбауэр 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Беккенбауэрдің денсаулығының нашарлап кеткені туралы ақпарат былтыр жазда шыға бастаған болатын. Қолда бар мәліметке қарағанда, 2015 жылы Стефан деген ұлы қайтыс болғаннан кейін экс-футболшының денсаулығы нашарлап, жүрегіне ота жасатқан. Одан кейін көз инфарктісі болып, Паркинсон ауруы мен деменцияға душар болған. Сол кезден бері ол ұзақ уақыт емделіп, 7 қаңтарда өз үйінде қайтыс болды.

Беккенбауэр алғаш рет жасыл алаңға «Бавария» клубы жастар командасының жейдесінде шыққан. Содан кейін клубтың ересектер жасағында ойнап, Еуропа чемпиондарының кубогын үш мәрте жеңіп алған. 1966 жылы Англияда өткен әдем чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер болған. 1972 жылы Германия құрамасымен бірге Еуропа чемпионы, 1974 жылы әлем чемпионы атанған. 1976 жылы Еуропаның вице-чемпионы атағын алған.

Атақты футболшы әлем чемпионаттарында ойыншы ретінде, жаттықтырушы болып та жеңіске жеткен 3 футболшының бірі болды. Онымен бірге бразилиялық Марио Загалло мен француз Дидье Дешам әлемдік додаларға ойыншы болып та, жаттықтырушы болып та жеңіске жеткен.

Беккенбауэр ұлттық құрамада бірінші болып 100-ден аса ойынға қатысқан. Ол барлығы 103 матчта алаңға шығып, қорғаушы болса да 14 гол салған. Қорғаушы болып, тарихта «Алтын доп» сыйлығын жеңіп алған алғашқы футболшы болды. 1972 жылы әлемнің үздік футболшысы атанды. Содан кейін АҚШ-тың «Нью-Йорк Космос», Германияның «Гамбург» клубтарында ойнаған.

Экс-футболшы «Бавария» сапында Германия чемпионатын төрт рет жеңіп алды. Ал жаттықтырушы ретінде 1990 жылы Германия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған. Оны көзі тірісінде жанкүйерлер «Кайзер Франц» деп атаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама