Блогер ешбір ғылыми негізсіз және дәлелсіз 15 қаңтарда жер қатты сілкінетінін айтқан
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде блогердің Алматыда жойқын жер сілкінісі болады деген «болжамы» жазылған видео тарап жатыр. Сарапшылар «болжамды» жоққа шығарды, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, блогер ешбір ғылыми негізсіз және дәлелсіз 15 қаңтарда Қазақстанның оңтүстік астанасында жер қатты сілкінетінін айтқан. Бұл алматылықтарды шошытып отыр.
Мен көріпкелдік қабілетімді ұштап жүрмін, болашақты болжау қабілетім өте жақсы дамыған. Бұл датаны мен де көріп, байқадым: 15-і және жойқын жер сілкінісі, - деп телеарна желіде тараған бейнежазбадан үзінді келтіреді.
Бейнежазба арқылы блогер ғалымдардың есебіне емес, өзінің кейбір пайымдауларына сүйеніп, қала тұрғындарын үрейлендіріп, қаладан алдын ала кетуге кеңес берген.
Алайда Сейсмология институтының сарапшылары мұндай онлайн болжамдарды «күмәнді» деп есептейді. Мамандар жақын арада Алматы қаласы мен оның төңірегінде қатты жерасты дүмпуі болмайтынын айтып, сендірді.
Сейсмология институты кешенді мониторинг деректері негізінде жасайтын жыл сайынғы қорытындыға сәйкес, 200-ден астам сейсмикалық, сейсмологиялық, геофизикалық, гидрохимиялық деформация параметрлер қарастырылады. Біз жыл сайын осындай қорытынды жасап отырамыз.
Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, біздің мамандар 2024 жылға сейсмикалық жағдай бойынша да қаңтар айының басында қорытынды жасайды. Бұл деректерге сәйкес, аномалия белгілері жоқ. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, - дейді Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.