Halyq Uni логотип
×

Шыңғысхан мен Шумекова Олимпиадада Қазақстан туын ұстап шығады

Жарыс Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 50 елден 1 800 спортшы қатысады

 Дастан Жұмабекұлы 08.01.2024 | 17:57
Шыңғысхан мен Шумекова Олимпиадада Қазақстан туын ұстап шығады
Фото: Туризм және спорт министрлігі

19 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында IV қысқы жастар Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шығатын спортшылардың есімдері белгілі болды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Олимпиаданың ашылу салтанатында «Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның байрағын конькиші Кристина Шумекова мен шорт-трекшісі Ерасыл Шыңғысхан ұстап шығады. Шумекова – Петропал қаласының, Шыңғысхан – Орал қаласының тұрғыны.

Спортшылар жарыстардағы үздік нәтижелері үшін ғана емес, халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалды.

Кристина Шумакованың жасы 18-де. Ол – конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, өзінің жас санатындағы Қазақстан чемпионы, 2023 жылғы Әлем Кубогының күміс жүлдегері.

Ерасыл Шыңғысханның жасы 17-де. Ол – шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жас санатындағы Қазақстан чемпионы. Сонымен бірге «Азия балалары» 2023 халықаралық жарысының күміс жүлдесін жеңіп алған.

Бұл – мен үшін өте әсерлі сәт. Жастардың қысқы Олимпиадасында  Қазақстанды таныстыру – абыройлы міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Мен жарыс жолында бар күш-жігерімді салуға уәде беремін. Төрт жылдықтың басты додасына қатысатын әрқайсымыз Олимпиада медалін жеңіп алғымыз келеді және бұл Ойындар – біздің осы мақсатқа жету жолындағы тамаша мүмкіндігіміз, – деді Кристина Шумекова.

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Ерасыл Шыңғысхан да өз ойын ортаға салды.

Мен үшін Ту ұстаушы болу – үлкен жауапкершілік. Біздің ұлттық құрама спортшылары алдағы байрақты бәсекеге дайын және біз Оңтүстік Кореядағы жарыста ел намысын абыроймен қорғайтынымызға сенімдімін. Жастар Олимпиадасына қатысу – әрқайсымыз үшін зор тәжірибе, кәсіби спортшы ретінде өсуімізге мол мүмкіндік, – деді спортшы.

Олимпиялық ойындарға дайындық бойынша штаб басшысы Елсияр Қанағатов ту ұстаушылардың дұрыс таңдалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Кристина мен Ерасыл – Қазақстан командасының лайықты спортшылары.

Екеуі де біздің мықты әрі ұйымшыл командамыздың жарқын өкілдері. Олардың кәсібилігі, ынта-жігері мен спортқа деген адалдығы Оңтүстік Кореяға баратын жасөспірімдер құрамасы мүшелерінің бойынан ең жақсы қасиеттері дәлелдеп тұр. Спортшылар – ел спортының жаңа буыны. Біз олардың қысқы жастар Олимпиадасында өнер көрсетуін асыға күтеміз. Сонымен қатар жас спортшылар Ойындарға қатысу арқылы тек тәжірибе жинап қана қоймай, өз шеберліктерін шыңдау жолында құнды сабақ алады деп үміттенеміз, – деді спорт функционері.

IV қысқы жастар Олимпиадасы 19 қаңтардан 1 ақпанға дейін Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында болады. Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына әлемнің 50 елінен 1 800 спортшы қатысады деп жоспарланған. 7 спорт түрінен (15 бағдарлама) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасының 42 спортшысы 5 спорт түрі бойынша бақ сынайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама