Шабуылшы Франция чемпионатында мергендер тізімін бастап келеді
Foot Mercato басылымына сілтеме жасаған «Спорт-экспресс» газеті Франция ұлттық құрамасы мен «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппенің Мадридтің «Реал» командасымен келісімшарт жасауы мүмкін екенін хабарлады.
БАҚ-тың мәліметіне қарағанда, Мбаппе испаниялық клубпен келісімге келген. Енді ол биыл жазда Ла Лигада ойнайтын болады. Ал Мбаппенің өзі келісімшарт әлі жасалмағанымен, алдағы уақытта «Реал» клубының қатарынан көрінуі мүмкін екенін айтты.
Менің биылға мотивациям жақсы. Былтырғы маусымда командамыз чемпион болды. Биылғы маусымда да чемпиондық атақты жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Енді тағы бірнеше титулды алсақ, мақсатым орындалады. Ал «Реал» клубына келсем, мен әлі бір шешімге келген жоқпын, таңдау жасамадым. Алайда бәрін уақыт көрсетеді. Мен маусым аяқталса, тез шешім қабылдаймын. Басқа командаға ауысу туралы нақты ұсыныс болса, көп ойланбаймын, – деді форвард.
Былтыр «Пари Сен-Жермен» Франция чемпионатын 11-ші рет жеңіп алды. Қазір де команда турнир кестесінде 17 ойыннан кейін 40 ұпаймен бірінші орында келеді. Одан «Ницца» 5 ұпай кем жинап, екінші орында келе жатса, үшінші орындағы «Монакода» 31 ұпай бар.
«Реал» клубы да Ла Лигада 19 ойыннан кейін 45 ұпай жинап, бірінші орында тұр.
Мбаппе 16 ойында 18 гол салып, мергендер тізімін бастап келеді. Ол голдардың бесеуін 11 метрлік айып добынан салған.