Ұлттық спорт федерацияларының президенттері баяндама жасады
Астанада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындығына арналған кеңес өтті.
Алқалы жиынға Ұлттық спорт қауымдастығының, Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекциясының басшылығы және Ұлттық спорт федерацияларының президенттері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиында сөз алған Ермек Маржықпаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу – еліміз үшін маңызды спорттық іс-шара екенін ерекше атап өткенін жеткізді.
Ойындардың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тиісті деңгейде ұйымдастырумыз қажет. Бүгінге дейін қандай шаралар атқарылды, алда қандай міндеттер тұр, сонымен қатар қандай мәселелер бар екенін анықтауымыз қажет. Ойындарға дайындық туралы айтсақ, әзірге іс-шаралар жоспар бойынша жүргізілуде. Ұлттық спорт түрлерінен құрама командалардың дайындығы талап етілуі керек. Сонымен қатар спортшыларға жақсы жағдай жасап, қаржы мәселесі толық шешілуге тиіс, – деді министр.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елімізге әлемнің 100-ден астам елінен делегация келеді деп жоспарланып отыр. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді.
Қазір дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың тізімі, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне кіретін спорт түрлері бойынша жарыстардың тізбесі бекітілді. Ойындарға дайындық шеңберінде ұлттық құрама командалардың спортшылары 2024 жылғы қаңтардан бастап 13 халықаралық, 39 жергілікті оқу-жаттығу жиындарына және 17 республикалық және 23 халықаралық жарысқа қатысады.