Төрт дүркін әлем чемпионы Марио Загалло өмірден өтті (ВИДЕО)
Ол 1970 жылы Мексикада өткен әлемдік додада Пелені жаттықтырған
Футболдан Бразилия құрама командасының құрамында әлем чемпионаттарын төрт рет жеңіп алған Марио Загалло қайтыс болды. Ол 92 жасқа келіп өмірден өтті.
Марио Загалло әлем чемпионы атағын екі рет футболшы ретінде, бір рет ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы және бір рет бас жаттықтырушының көмекшісі ретінде жеңіп алған еді.
Загалло 1931 жылы дүниеге келген. Ол Бразилияның «Америка», «Фламенго» мен «Ботафаго» клубтарында ойнаған. 1958-1962 жылдары әлем чемпионы атанған. Ұлттық құрама сапында 36 матч ойнап, 34 жасында мансабын аяқтаған. Содан кейін Бразилия командасының бас жаттықтырушысы болып, 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатын жеңіп алған. Сол кезде ол тарихта алғаш рет футболшы және жаттықтырушы ретінде әлемдік доданының жеңімпазы атанған. Осы чемпионатта ол Пелені жаттықтырған.
Загалло Пеле, Гарринча, Диди, Вавамен және басқа да Бразилияның атақты футболшыларымен бірге ойнаған.
1991 жылы ұлттық құраманың үйлестірушісі мен бас жаттықтырушы Карлос Алберто Паррейраның ассистенті болған. 1994 жылы Загалло құрама командамен бірге АҚШ-та өткен әлем чемпионатын жеңіп алған. Оған көзі тірісінде Бразилияда ескерткіш орнатылған.