Шымкентте екі адамды өлтіріп, бір адамды жаралаған қылмыскер ұсталды
Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, біреуі жараланып ауруханаға түскен.
Шымкентте бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, біреуі жараланып ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады «Отырар» телеарнасы.
Полицияға алғашқы хабарлама 4 қаңтарда сағат 18:00 шамасында түскен.
Абай даңғылы бойында денесінде көптеген жарақаты бар 48 жастағы ер адам табылды.
Тұран аудандық полиция қызметкерлерінің шапшаң әрекеті арқасында зардап шеккен адам уақытында ауруханаға жатқызылды.
4 қаңтарда 1975 жылы туған науқас N1 қалалық ауруханасына жеткізілген. Науқастың денесінде бірнеше пышақ жарақаты анықталды. Сонымен қатар мойынның алдыңғы тұсы да жараланған. Ауруханаға жеткізілген науқаста ауыр дәрежедегі жедел постгемаррагиялық анемия да анықталды.
Операциядан кейін науқас реанимация бөліміне ауыстырылды.
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауыр халдегі науқасқа
хаттамаға сәйкес емдеу тағайындалғанын хабарлады .
Араға уақыт салып 1 мамыр көшесінде 1984 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.
Өкінішке орай жаға ұстатарлық оқиға мұнымен аяқталған жоқ.
5 қаңтар күні сағат 12:00 шамасында Шымкент қаласының Еңбекші ауданында тағы бір ер адамның мәйіті табылды.
Қорқынышты қылмысқа қатысы бар деген күдікті 5 қаңтарда Тәуке хан даңғылы бойында ұсталды.
Инсайдерлік ақпарат бойынша ол 28 жаста, жұмыссыз.
«Күдікті ұсталды. Аса ауыр қылмыс жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген Шымкент қалалық ПД ресми хабарламасында.