Қазақстан теннисшілері халықаралық турнирлерде финалға шықты
Анна Данилина мен Жібек Құламбаева бас жүлдеге бір табан жақын қалды
Теннисшілер Анна Данилина мен Жібек Құламбаева халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Данилина Жаңа Зеландияның Окленд қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің финалына шықса, Құламбаева Таиландтың Нонтхабури қаласында жалғасып жатқан ITF W50 турнирінің финалына жолдама алды.
Анна Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге жартылай финалда франциялық Джессика Понше мен чехиялық Анна Шишковамен ойнады. Бірінші партияда Данилина мен Грунчакова тай-брейкте сәтті ойнады. Олар қарсыластарынан 7:6 (7:2) есебімен алға шықты. Екінші сетте франциялық-чехиялық дуэт қарымта қайырды. Есеп – 6:4. Ал супер тай-брейкте Данилина мен Грунчакова 10:7 есебімен жеңді.
Енді Анна Данилина мен Виктория Грунчакованың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Жібек Құламбаева жұптық сында грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге жартылай финалда таиландтық Луксика Кумхум мен оңтүстіккореялық Со Хен Пакпен кортқа шықты.
Құламбаева мен Сакеллариди қарсыластарын 6:4, 6:1 есебімен жеңді. Енді финалда олар тағы бір таиландтық Ланлана Тараруди мен тайбэйлік Хиа Юи Тсаомен бас жүлдені сарапқа салады.