Halyq Uni логотип
×

Канвондо Олимпиадасына қатысатын Қазақстан спортшылары анықталды

Бұл жарысқа елімізден 10 бағдарламада 42 спортшы қатысады

 Дастан Жұмабекұлы 05.01.2024 | 16:42
Канвондо Олимпиадасына қатысатын Қазақстан спортшылары анықталды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында IV қысқы жастар Олимпиадасы болады. Онда 1 900-ға жуық атлет спорттың 7 түрінен 15 бағдарламада күш сынасады деп жоспарланған.

Бүгін кешенді жарыста ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың спортшылары анықталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.

Бұл жарысқа Қазақстан 10 бағдарламада 42 спортшыны апарады. Ал делегация сапында ресми өкілдер, жаттықтырушылар, дәрігерлер мен БАҚ өкілдерін қосқанда 80-нен астам адам бар.

Спортшылар тізімі мынадай:

Биатлон:

Алема Қарабаева

Ильяс Хасенов

Эвелина Мезенцева

Антон Редькин

Мария Воробьева

Кирилл Зотов

Тау шаңғы спорты:

Ростислав Хохлов

Александра Скороходова

Кёрлинг:

Мерей Тастемір

Ибрагим Тастемір

Конькимен жүгіру спорты:

Руслан Жанаділов

Михаил Матрюхин

Алина Шумекова

Кристина Шумекова

Шаңғы жарыстары:

Берік Боранбаев

Әубәкір Тотанов

Милана Мамедова

Виолетта Митропольская

Шаңғымен тұғырдан секіру:

Илья Мизерных

Илья Шильников

Софья Шишкина

Алена Свириденко

Фристайл-могул:

Юлия Феклистова

Денис Раструба

Шорт-трек:

Мейіржан Төлеген

Ерасыл Шыңғысхан

Анастасия Астраханцева

Полина Омельчук

Шайбалы хоккей 3х3:

Темірлан Айболұлы

Бексұлтан Мақыш

Арсений Кучковский

Әділхан Саттар

Никита Кулаков

Матвей Решетько

Расул Тұрсынов

Арман Төлен

Жахангер Тілеухан

Таир Бигаринов

Егор Кравченко

Әнуар Ахметжанов

Роман Мичуров

Шаңғы қоссайысы:

Арман Қуаныш

Қазақстан алғаш 2012 жылы Аустрияның Инсбрук қаласында өткен ойындардан бастап жарыстан сырт қалған емес. Ең жақсы нәтижесі де сол жерде тіркелген. Ұлттық құрама 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте 23-сатыдан көрінді. Галина Вишневская-Шепоренко спринтте күміс, сосын із кесуде қола жүлде алса, Сергей Малышев классикалық жүріспен 10 шақырым жарыста қола медаль иеленген. Ал 2016 жылы Қазақстан спортшылары Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жарыста екі қола медальмен шектеліп, жалпыкомандалық есепте 26-сатыға жайғасты.

Биатлоншы Арина Пантова спринтте, ал Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанауда үздік үштіктен көрінген. Сондай-ақ, аралас командалық жарыста Анвар Мухамадеев күміс (конькимен жүгіру), Анита Нагай қола (шорт-трек) жүлде жеңіп алған. Алайда бұл қос медаль жалпы есепке қосылмайды.

Атап айтар болсақ, Анвар Халықаралық Олимпиада комитетінің командасы сапында спринтте Элиза Дал (Нидерланд), Каролина Гашечка (Польша) және Остин Клебамен (АҚШ) бірге тұғыр сатысына көтерілген. Ал Анитамен бір қатарда Карлис Крусбергс (Латвия), Катрин Манойлова (Болгария) және Казуки Йошинагамен (Жапония) ойындардың жүлдесін иеленген. Одан кейін  2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында жалауы желбіреген ІІІ Ойындарға Қазақстан 26 атлет апарғанымен, жүлдесіз қалды.

Енді ұлттық құрамаға спортшылары қалай іріктеледі деген мәселеге келсек, былтыр жыл бойы ел ішінде Канвондо Олимпиадасына баратын спортшыларды іріктеу жарыстары болды. Соның бастысы IV қысқы жастар спорт ойындары саналады. Бас-аяғы үш айға созылған сол сында 11 бағдарламада үздіктер анықталған (биатлон, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул және фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, шаңғымен тұғырдан секіру).

Корея Олимпиадасында кімнен жүлде күтеміз деген сұраққа жауап іздесек, бұл жолы ұлттық құрама төрт шорт-трек шеберінен үміт күтеді. Төрт жыл бұрын Лозаннаға Санжар Жанысов пен Мария Горбунова ғана барған. Мейіржан Төлеген, Ерасыл Шыңғысхан, Анастасия Астраханцева мен Полина Омельчук IV қысқы жастар спорт ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері. Алдағы Олимпиада Мейіржан Төлеген мен Ерасыл Шыңғысхан үшін алғашқы халықаралық кешенді жарыс емес. Олар былтыр ақпан айында Ресейдің Кемерово қаласында болған «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында жасындай жарқылдаған. Мейіржан  сол кезде қазақ шорт-трекшілер арасындағы жалғыз алтын жүлдені жеңіп алған.

Қазір Олимпиадаға дайындық жоспар бойынша болып жатыр. Маусымның ортасы болғандықтан барлық спортшы бабында. Бізде ұлдар мен қыздар бірдей жарыса алады. Мақсат біреу ғана. Барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Осы жолы шорт-тректен жекелей сында 1500 метрге жарыс қосылды. Бұл біз үшін тағы бір жақсы жаңалық. Мұның алдында тек 500-1000 метрге жүлде сарапқа салынған, – деді шорт-тректен Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Данабек Хайров.

Сонымен қатар конькимен жүгіруден бақ сынайтын спортшылар өз жас санатындағы халықаралық жарыстарға барып, тәжірибе жинап үлгерді. Мәселен, Михаил Матрюхин былтыр Ресейде өткен «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында күміс жүлдені иеленіп, кез келген жарысқа дайын екенін көрсетті.

Спорттың бұл түрінен Оңтүстік Кореяға баратын қыз-жігіттерді былтыр желтоқсанда Қазақстан кубогында іріктедік. Келе жатқан ойындарда барлығының жүлде алатын мүмкіндігі бірдей. Қазір дөп басып айту қиын. Біздің спортшылар осыған дейін халықаралық жарыстарға қатысып көрген. Руслан Жанаділов, егіз спортшылар Алина Шумекова мен Кристина Шумекова бірнеше ай бұрын Италияда өткен жастар арасындағы Әлем кубогы кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетті. Алина мен Кристина жүлделі орыннан көрінді. Қазір бәрі Астана қаласында Дирекция ұйымдастырып жатқан оқу-жаттығу жиынында жүр, – деді конькимен жүгіруден мемлекеттік жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова.

Делегация сапындағы Алема Қарабаева, Илья Мизерных, Илья Шильников мен Мерей Тастемір сынды өзге спортшылар осыған дейін шетелде бірнеше мәрте сынға түсіп, бапкерлер назарына іліккен.

Ұйымдастыушылар ойындарды жанкүйерлерге барынша қол жетімді ету үшін Каннында өтетін салтанатты ашылу рәсімінен басқа барлық жарысқа билетті тегін үлестіріп жатыр. Билетті брондау үшін: tickets.gangwon2024.org.

Олимпиаданың ашылу салтанаты 19 қаңтарда Gangneung Oval мен PyeongChang Dome стадиондарында болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама