×

100 футбол менеджері алғаш рет кәсіби білім алып шықты

Енді алдағы уақытта 3 мың адамды дайындау жоспарланып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 05.01.2024 | 10:45
Фото: Alma Almaty management university

Елімізде алғаш рет Alma Almaty management university мен Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ұйымдастыруымен «Футбол менеджменті» бағдарламасы бойынша 100 адам кәсіби білім алып шықты.

Бұл оқулар былтыр жазда басталды. Қазір оқуды аяқтаған адамдар нағыз маман болып, футбол клубтарымен жұмыс істеуге кірісіп кетті. Енді алдағы 2,5 жылда аталған бағдарлама бойынша 3 мың менеджерді дайындау жоспарланып отыр.

Былтыр желтоқсан айынан бері бағдарламаны EA Group қолдай бастады. Сол кезден бастап футбол менеджерлерін дайындау үшін тағы бір курс басталды. EA Group-тың өкілі Ерік Әубәкіровтің айтуынша, үшінші лекте курсқа қатысқан адамдар 9 модуль бойынша білім алды. Олар стратегиялық менеджмент, қаржы, операциялық менеджмент, команданы басқару (HR), инфрақұрылымды басқару, іс-шараларды ұйымдастыру, спорт агенті, спорт маркетингі, демеушілік және жанкүйерлермен байланысты дамытуды үйренді. Сондай-ақ оқыту кәсіпкерлік дағдыларды да дамытуға арналды.

«Футбол менеджменті» курсы – футбол индустриясындағы болашақ көшбасшыларды дайындайтын платформа. Бағдарламада 9 модуль бар. Мен бұрынғы футболшы әрі кәсіпкер ретінде спорт клубтарын кәсіби түрде басқару да маңызды екенін түсіндім. Біздің мақсатымыз – футбол клубтары мен алаңдарын дамытып, жүйелі түрде қолдау. AlmaU-мен әріптестік орнатып, футболды бірге дамытамыз деген ойдамын, – деді Ерік Әубәкіров.

ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов та  футбол индустриясын тұрақты дамытудың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, футбол ұйымдарын тиімді басқаруда білікті менеджерлер маңызды рөл ойнайды. Сондықтан мықты футбол экожүйесін құру үшін білікті мамандар қажет.

Жалпы, Қазақстан футбол федерациясы мен AlmaU спорттық менеджмент орталығы 2022 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. AlmaU спорттық менеджмент орталығының директоры Нұрлыбек Сыздықовтың айтуынша, ҚФФ-мен бірге бірталай шаруа атқарылған. Ал «Футбол менеджменті» бағдарламасы – футбол менеджерлерін қалыптастыруға бағытталған еліміздегі жалғыз білім жобасы.

Біз барлық облысты спорт пен білімді ұштастырып, жұмыс істеуге шақырамыз. Бізден 16 мен 55 жас аралығындағы азаматтар білім алып келеді. Негізінен ер адамдар. Олар кәсіби білім алып, футбол клубтарында жұмыс істейтін болады, – деді ол.

Сонымен бірге «Футбол менеджменті» бағдарламасының түлектері оқу аяқталған соң ҚФФ-да немесе өзге де футбол клубтарында тағылымдамадан өтіп, өз білімдерін шыңдай алады. Қазір осы бағдарлама түлектері жақсы қырларынан танылып, футбол клубтарына қызметке орналасып, индустрияда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Оған мысал ретінде Саят Ауғалиевті айтуға болады. Ол оқу кезінде Қарағандының «Шахтер» клубында тағылымдамадан өтіп, бағдарлама аяқталған соң клубпен келісімшартқа отырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама