70 мың қазақстандықтың пәтерақысын мемлекет жартылай төлеп береді
Жалпы елімізде баспана кезегінде 608 мың адам тұр
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 сәуірде басталған бағдарламаға 13 мыңнан астам өтініш түскен. 3 мыңнан астам өтініш мақұлданған. Ал бір мыңнан астам тұрғынның өтініші кері қайтарылған. Бұл туралы «Астана» телеарнасың сюжетінде айтылды.
Отбасы банк АҚ-ның басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады.
«Бірінші санат – бірінші және екінші топтағы мүгедектер. Екіншісі – мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Үшінші – жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар. Төртінші – көпбалалы отбасылар. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс», - дейді Ляззат Ибрагимова.
Айта кетейік, жалпы елімізде баспана кезегінде 608 мың адам тұр. Оның үштен бірі – әлеуметтік осал топ өкілдері.