Шымкентте әлеуметтік баспананы заңсыз алуға көмектескен жоғары шенді сотталды

Дәурен Ерболат

Ол полиция майоры шенінен айырылды

Фото: Halyq Uni

Шымкентте көші-қон полициясының жоғары шенді қызметкері әлеуметтік баспананы заңсыз алуға көмектескені үшін сотталды, деп хабарлады қалалық прокуратура.

Прокурорлар несиеге берілетін әлеуметтік баспананы алудың қылмыстық схемасын анықтады.

Көші-қон полициясы қызметкерінің 16 адамға әлеуметтік баспана алу үшін тұрғылықты тіркелу уақытына заңсыз өзгеріс енгізгені белгілі болды. Құжаттар Қылмыстық кодекстің 369-бабы 2-1-бөлігінің негізінде сотқа дейін тіргеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркелді. Тергеу аяқталғаннан соң қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сотта көші-қон полициясы қызметкерінің кінәсі толық дәлелденді. Судья айыпталушыны полиция майоры шенінен айырып, 1,5 жылға соттады.

Сондай-ақ тағы 147 адамды жалған тіркеуге қою фактісіне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бүгінде баспана кезегіне заңсыз тіркелуге жол бермейтін және негізсіз өтініштерді тексеруге мүмкіндік беретін жаңа автоматтандырылған жүйе енгізілді.