Жәбірленушілердің арасында күдіктінің жақын таныстары да бар
Атырауда шетелдік қымбат автокөліктерді жалға алып, кейін автокөліктерді төмен бағамен сатып жіберген 29 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Ол 2020 жылдың қаңтар айыннан бастап Атырау қаласының аумағында 20-ға жуық жәбірленушіні алдап соққан деген күдікке ілінді.
Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігімен («Алаяқ») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазір Атырау облыстық полиция департаменті оның басқа да істерге қатыстылығын тексеріп жатыр. Осыған байланысты күдіктінің іс-әрекетінен зардап шеккендерді Атырау облысы полиция департаментінің тергеу басқармасына хабарласуды сұрайды: Атырау қаласы, Азаттық даңғылы №85 мекенжайы бойынша немесе мына телефондар бойынша 102, 8 702 824 92 02, 8 702 027 04 32, 98-12-05, 98-20-49.
Жәбірленушілердің арасында күдіктінің жақын таныстары да бар. Ол жәбірленушілерден келісім-шарт негізінде көлікті жалға алып, оларға басында жалдау ақысын төлеп тұрады, кейін төлемейді. Ал жалға алған басқа қымбат көліктерді арзандатылған бағамен сатып жіберіп отырған. Кейін жәбірленушілер өздерінің көліктерін сайттардағы хабарландырулардан көрген.
Күдікті көлікті сатып алған кей жәбірленушілерге «Теңізшевройл» компаниясынан есептен шығарылған көлік деп сатып, оның құжатын бір айдан кейін дайындап беремін деп уәде берген.
Осыдан үш ай бұрын жәбірленушілер облыстық полиция басқармасына наразылық білдіріп, өздеріне ай сайын 500 мың теңгеден төлеймін деп шетелдік көліктерді жалға алған жеке кәсіпкердің үстінен шағымданған.
Себебі, кәсіпкер ай өтпей жатып жалға алған мүлікті сатуға шығарған.Сол кезде көлік иесі Нариман Төлегенов хабарландыру бойынша өз көлігін өзі алайын деп келіп тұрғанда, оған сатушының көліктің қазір алса, құны 7 миллион 700 мың теңге екенін және жылдам ақша керек болып тұрғанын айтқан. Оған қоса, «екі күн күтсе, ресейлік не қазақстандық нөмір дайын болады» деген.