Дәрігер 20 күн ес-түзсіз жатты
Ақмола облысында жол-көлік оқиғасына ұшырып, ұзақ уақыт ес-түзсіз жатқан жедел жәрдем қызметінің фельдшері ес жимаған күйі қайтыс болды.
28 жастағы дәрігер 20 күннен астам уақыт комада жатқан.
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының ұжымы Жанар Жеңісбекқызы Бектастың туыстарына, жақындарына және әріптестеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтады. Жол-көлік оқиғасынан біз Целиноград подстанициясы Қабанбай батыр ауылы бөлімшесінің маманы-фельдшерден айырылдық, - делінген ведомствоның желідегі парақшасында.
Айта кетсек, жол апаты 13 желтоқсанда болды. Қабанбай батыр ауылына бет алған «Газель» көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Астана бағытында жүріп бара жатқан жедел жәрдем көлігімен бетпе-бет соқтығысты. Салдарынан 28 жастағы фельдшер, 73 жастағы науқас және екі көліктің жүргізушілері ауыр дене жарақаттарымен Астана қаласының №2 көпсалалы облыстық ауруханасына жеткізілді.