Иранда жарылыстардан 100-ден астам адам қаза тапты (ВИДЕО)
Бомба Қасим Сүлейманидің қабірінің жанында жарылған
Иранның оңтүстігіндегі Керман қаласында Иран революция сақшылары корпусының бұрынғы командирі Қасим Сүлейманиді еске алу рәсімі кезінде екі жарылыс болып, 100-ден астам адам қаза тапты.
BBC-дің хабарлауынша, 3 қаңтарда зираттың кіреберісіне қойылған қаптарға екі жарылғыш зат салынған. Олар қашықтан қосылған. Бір бомба жарылып, оқиға орнына жарақат алған адамдарға көмектесуге адамдар келгенде екінші бомба іске қосылған. Сөйтіп, қаза тапқан адам саны 100-ден асқан. Ал жарақат алғандар 170 адамға жеткен.
Ислам революциясы Сақшылар корпусының генералы Касем Сүлеймани Кермандағы осы зиратқа жерленген.
Сүлеймани 2020 жылғы 3 қаңтарда Ирактың астанасы – Бағдат қаласының маңында АҚШ-тың әуе операциясы кезінде қаза тапқан.
Сүлеймани Құдс күштерін басқарған болатын. Ол кезінде ХАМАС, «Хезболла» ұйымдары мен Сирия президенті Башар Асадқа әскери көмек көрсетті.
Иран басшылығы Керман қаласында болған оқиғаны теракт деп атады.