Еңбекақыға 25 пайыз қосылды
Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың нәтижесінде 1 қаңтардан бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті.
Бұдан бөлек, министрлік отандық су саласының кадрлық әлеуетін жақсарту үшін су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Еңбекақыны арттыру – су шаруашылығы саласында жұмыс істеуді тартымды ету қадамдарының бірі. Әрине, салада жүрген мамандарды ұстап қалып қана қоймай, оларды қажетті дайындықпен, заманауи дағдылармен және біліммен қамтамасыз ету қажет. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігінен тағы бір мәлімет келтірсек, жақында ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов ирригациялық жүйелердегі су шығыны мен деңгейін цифрландыру және есепке алумен айналысатын германиялық-қазақстандық GST/HST EURASIA ЖШС өкілдерімен кездесіп, еліміздің өңірлерінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Компания елімізде ашық каналдар мен ірі су құбырларда су шығынын өлшеу бойынша бірнеше серпінді жобаны іске асырды. Мәселен, былтыр GST/HST EURASIA өзінің серіктесі GWF компаниясымен бірге «Шардара су қоймасының бөгетін реконструкциялау және сейсмикалық төзімділігін арттыру» жобасы аясында «Арнасай» су реттегішін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Қызылқұм магистральды каналында су шығыны мен деңгейін өлшеудің ең үлкен нүктесін белгіледі.