Былғары қолғап шеберлері 4 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлдені иеленді
Әуесқой бокс: Боксшылар Әзербайжанның Баку қаласында өткен Аббас Агаларовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирге қатысып, 16 медаль жеңіп алды.
Оған Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы және Еуропалық бокс конфедерациясынан келген 97 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Қазақстан боксшылары 4 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлдені иеленді.
Садақ ату: Грузияның Батуми қаласында садақ атудан халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша Самира Жұмағұлова, Аяжан Яхина мен Әлихан Тұяқ бірінші орын иеленді.
Жекелей сында Райымбек Майқыбаев топ жарса, қыздар арасында Самира Жұмағұлова күміс медальді қанағат тұтты. Кадеттер арасында Әлихан Тұяқ алтын, Аяжан Яхина күміс жүлдеге ие болды.
Командалық жарыста Райымбек Майқыбаев пен Әбдумәлік Ғаниев жеңіске жетсе, аралас командалық сында Әлихан Тұяқ пен Аяжан Яхина жұбы бас жүлдені жеңіп алды.
Шайбалы хоккей: Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Астананың «Барыс» клубы өз айдынында Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасынан басым түсті.
«Барыс» сапынан Аркадий Шестаков дубльдің, яғни екі голдың авторы атанды. Давид Скленичка, Рудольф Червены, Энтони Камара мергендігімен көзге түсті. «Трактор» командасынан Никита Сошников бір мәрте дәлдік танытты. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.