Өзен бойында су басуы ықтимал 29 аймақ белгіленген
Ауа райының жылуынан қаңтарда мұз еріп, Сырдария өзенінің деңгейі едәуір көтерілді.
Облыс аумағында өзенге жоғарыдан секундына 429 текше метр су құйылып жатыр. Қазір сең Қызылорда қаласынан 83 шақырым жердегі Жетікөл жарма аумағына жеткен.
Мұздақтардың қалыңдығы 10-15 сантиметрден аспайды. Сондықтан мамандар өзеннен аса бір қауіп жоқ деп отыр. Дегенмен өзен бойында су басуы ықтимал 29 аймақ белгіленген.
Онда бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп, тасқынның алдын алу үшін арнайы құрылымдар мен техникалар тас-түйін дайын отыр.
Қала төңірегіндегі осы ПМК саяжайында дария деңгейінің көтерілу белгісі байқалады. Өйткені мұз жайлап Қызылорданың төңірегіне келе жатыр. Дегенмен біздің қорғаныс бөгетінде 2,5-3,5 метрдей арақашықтық запас бар, - дейді облыстық ТЖД бөлім бастығы Бейбітхан Спанов.