×

Тасжолдағы шектеулерге байланысты Астанадан 4 аймаққа қосымша пойыздар шықты

Оларға билет сату 1 қаңтарда сағат 21:00-де басталған болатын

 Еркеғали Болатұлы 02.01.2024 | 10:10
фото: egemen.kz

Ауа райының қолайсыздығына байланысты автокөлік қозғалысына шектеулер енгізілгендіктен, бүгіннен бастап Павлодар, Көкшетау, Бурабай курорты, Атбасар бағыттары бойынша қала маңына қатынайтын 4 қосымша пойыз жүреді, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Бүгіннен бастап қосымша мынадай қала маңындағы пойыздар іске қосылды:

  • Астанадан Атбасарға сағат 8:38-де №6803/6804 «Астана-Атбасар» электр пойызы жөнелтіледі. Жолаушыларға 274 орын ұсыну көзделген. Кері бағытта пойыз сол күні Атбасардан сағат 14:40-та жүреді.
  • Астанадан Көкшетауға сағат 17:00-де №6805/6806 «Астана-Бурабай-Көкшетау» бағытындағы электр пойызы (376 орындық) жүреді. Кері бағытта пойыз Көкшетаудан сағат 22:35-те жөнелтіледі.
  • Павлодардан Астанаға сағат 11:57-де №7509 «Павлодар-Астана» бағытындағы электр пойызы (376 орын) жолға шығады. Ол Астанаға сағат 14:49-да келеді.
  • Бурабай курорты станциясына дейін №7553/7556 «Қарағанды-Астана» бағытындағы электр пойызының қозғалысы ұзартылады (атауы №6811/6812 «Астана-Бурабай курорты»). Ол Астанадан сағат 10:10-да жөнелтіледі, жолаушыларға 276 орын беріледі. Кері бағытта пойыз Бурабайдан сағат 14:48-де кетеді.

Айта кетсек, қосымша қала маңындағы пойыздарға билеттерді сату 1 қаңтарда сағат 21:00-де басталған болатын.

Жаңа жылдық мереке қарсаңында 2023 жылғы 26 желтоқсаннан 2024 жылғы 5 қаңтарға дейін ұлттық тасымалдаушы қосымша пойыздар мен тіркеме вагондарды тағайындау есебінен 20 мың қосымша орын ұйымдастырды. Соңғы 2 күн ішінде 4 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, - делінген компания хабарламасында.

Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және билет кассаларынан сатып алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама