Қазақстан ҰҚШҰ-ға төраға болды
Президент ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды
Қазақстан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төраға болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылдың 23 қарашасында Минскіде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына өтетінін мәлімдеген болатын.
Осыған орай, мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды:
- ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату;
- әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас;
- халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту;
- есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес;
- қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес;
- төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайту;
- ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды жандандыру.