Қарағанды облысының жолдарында 800-ден астам адам құтқарылды
Жүргізушілерден басқа, құтқарушылар ақтүтек боранда далада қалып қойған шопандарды да іздеді
Қарағанды облысының трассаларында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. ТЖД қызметкерлері әскери қызметшілермен бірлесіп қар құрсауына түскен адамдарды эвакуациялауда. Өткен тәулікте 800-ден астам адам құтқарылды.
Өткен тәулікте облыстың автожолдарында ТЖД және 52859 ТЖМ әскери бөлімінің күштерімен қар құрсауында қалған автокөліктерден 28 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды. Сондай-ақ құтқарушылар жақын маңдағы елді мекендерге 391 адамды эвакуациялады. Бұдан басқа жергілікті атқару органдарымен бірлесіп жылыту пункттеріне 446 адам, оның ішінде 49 баланы жеткізіп, орналастырды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады.
Абай ауданында Ақбастау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км жерде 30 желтоқсан сағат 18:55-те ТЖД күшімен мал іздеп жүріп, далада «Нива» автокөлігімен тұрып қалған 4 ер адамды іздеу жүргізілді. 31.12. сағат 04: 05-те іздеу тобы жоғалған адамдарды Спасск ауылынан оңтүстікке қарай 20 км жерде тапты. Медициналық көмек қажет болмады, - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Жүргізушілерден басқа, құтқарушылар ақтүтек боранда далада қалып қойған шопандарды да іздеді.
31 желтоқсан күні сағат 05:10–дан бастап Бұқар Жырау ауданында Ақоре ауылдық округіндегі Жосалы шаруа қожалығы маңында ТЖД күшімен 1953 жылы туған ер адамды іздестіру жүргізілді, ол Шатан қыстағынан Жосалы шаруа қожалығы бағытында атқа мініп, адасып кетті. 31 желтоқсан күні сағат 10:00–де іздеу тобы жоғалған ер адамды «Жосалы» Щ/Қ-нан оңтүстік-батысқа қарай 15 км жерден тапты. Медициналық көмек қажет болмады, - деді облыс құтқарушылары.
ТЖД қызметкерлері Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтарынан ауа райының қолайсыздығы туралы 112 нөмірінен келген хабарламаға құлақ асуды және елді мекеннен тыс жерлерге шықпауды сұрайды.
Қарағанды облысының аумағында дауылды ескерту жалғасуда. Осыған байланысты елді мекендерден тыс жерлерге бармауды, жабылу орындарында автожолдарда көлік құралдарының жиналуына жол бермеуді, мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы кафелерде болуды сұраймыз, - деді құтқарушылар тұрғындарға.
Ауа-райының өзгеруі және автожолдардың жай-күйі туралы жедел ақпарат «Дармен» мобильді қосымшасында, ТЖД-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді.
Барлық оқиғалар мен ТЖ фактілері туралы 112 немесе (8-7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондарына хабарласуға болады.