Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда 2024 жылдан бастап не өзгереді

Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғаяды

 Халық үні 31.12.2023 | 20:19
Қазақстанда 2024 жылдан бастап не өзгереді
көрнекі фото: Halyq Uni

2024 жылы қазақстандықтарды көптеген өзгеріс күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Ең төменгі жалақы мен АЕК өседі

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде айлығы төмен 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың табысы артады.
Айта кетері, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Биыл 1 АЕК мөлшері 3 450 теңге болды.

Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады.

Бұдан бөлек базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43 407 теңге болып бекітіледі.
Зейнетақы мөлшері де көтеріледі

Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғаяды.

Жасы бойынша және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9%-ке өседі. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 7 процентке көтеріледі.
Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57 853 теңгені құрайды.

2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды. Биыл оның мөлшері 120 838 теңге болды.

Қазір елімізде шамамен 2,3 миллионнан астам зейнеткер бар. Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады.

Жәрдемақы

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды.

1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін;
4 және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі.

Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы:
4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін,
10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:
I топ – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көтеріледі.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ке ұлғайтылады.

Шахтерлер арнайы әлеуметтік төлем алады
2024 жылы зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Арнайы төлемнің орташа сомасы 200 мың теңгеден асады.

Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.

Келесі жылы зиянды өндірісте істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алуға құқылы. Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді.

Арнайы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады.

Әлеуметтік төлем бірнеше көзден төленеді:

бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;

жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;

сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;

БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

Айта кетері, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.

Жеткіліктілік шегі өзгеріссіз қалды

Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі 2024 жылы өзгермейді. 2023 жылғы деңгейде сақталады.

Жеткіліктілік шегі жас ерекшеліктеріне қарай 3 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін болады.
Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша «жеткіліктілік» шегінен асуға тиіс. Қазақстандықтар зейнет жинағының артылған бөлігін баспана алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсай алады.
Жеткіліктілік шегі ерлер мен әйелдер үшін бірдей.
Бұл ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін бір емес, бірнеше рет алу құқығы беріледі.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы

Келесі жылы Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы басталады.

1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Алғашқы төлемдер ақпан айында түсе бастайды. Жиналған қаражатты 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі.
Он сегіз жыл ішінде баланың шотында 3-4 мың доллар ақша жиналады деп күтілуде.

Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсауға құқылы. Бұл ретте ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.

Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы жайлы толығырақ мына жерден оқыңыз.

Жұмыс берушілер өз есебінен зейнетақы жарналарын аударады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылары үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады.

Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.
2024 жылы – 1,5%;
2025 жылы – 2,5%;
2026 жылы – 3,5%;
2027 жылы – 4,5%;
2028 жылы – 5,0%.

Осылайша, жұмысшылардың зейнетақы шотына қосымша жарналар түсіп тұрады.
Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.

Саусақ іздерін тапсыру

Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін ерікті түрде тапсырады. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады.

Азаматтар саусақ ізін жеке басын куәландыратын құжаттарды жасатқанда тапсыра алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазақстандықтарды дактилоскопиядан өтуге ешкім міндеттемейді.

Елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң 2016 жылы қабылданған болатын. Алайда саусақ іздерін тапсыруға қатысты норма тек 2024 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.Бастапқыда ішкі істер министрлігі Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматын саусақ іздерін тапсыруға міндеттеуді жоспарлаған еді. Бірақ кейін заңға өзгерістер енгізіліп, республика азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтетін болды.

Жеке куәлік пен паспорт жасату қымбаттайды

Қазақстанда 2024 жылдан бастап құжат алу бағасы өседі. Оған айлық есептік көрсеткіштің жыл сайын көтерілуі себеп.

1 қаңтардан бастап АЕК 3 692 теңгені құрайды. Осыған байланысты құжат алған кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшері де артады.

Қазақстандықтар жеке куәлікті 738 теңгеге (0,2 АЕК), 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге (8 АЕК) жасатады. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 44 304 (12 АЕК).

Келесі жылы елімізде балалар паспорты екі есе арзандайды. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 4 АЕК немесе 14 768 теңге болады.

Сондай-ақ неке қию туралы куәлік – 3 692 теңге (1 АЕК) және қайта алу – 1 846 теңге (0,5 АЕК), жүргізуші куәлігі – 4 615 теңге (1,25 АЕК) және ажырасу туралы өтініш беру үшін – 7 384 теңге (2 АЕК) төлейді.

Ал туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ бұл құжатты алуға қайта өтініш берген жағдайда 1 846 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

Бірыңғай жиынтық төлем енді болмайды

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің қолданылу мерзімі аяқталады.
БЖТ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 2019 жылы уақытша енгізілген болатын.

Бірыңғай жиынтық төлемнің ай сайынғы мөлшері: республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК;

ал басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК болды.

Алайда үкімет бес жыл бойы қолданылған бірыңғай жиынтық төлемді 2024 жылдан бастап алып тастауды жөн көрді. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, БЖТ өзін-өзі ақтамаған.

2024 жылы МӘМС үшін қанша төлеу керек
Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осыған байланысты МӘМС үшін аударылатын жарналардың сомасы да өзгереді.

Жұмыс берушілер МӘМС-ке қызметкері үшін жалақының 3%-ін аударады. Бірақ салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс. Яғни жұмыс берушінің аударатын ең жоғары сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.
Жалдамалы қызметкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жұмысшылар міндетті медициналық сақтандыруға ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.

Бұл ретте жарнаның ең жоғары сомасы 17 мың теңгеден аспайды.

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5%-ін аударады. 2024 жылы оның мөлшері – 5 950 теңге.

Біріңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғалары пайдаланады.
2024 жылы бірыңғай төлемнің ставкасы еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ін құрайды.

2024 жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем болмайды. Сол себепті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС-ке мына жолдармен жарна аудара алады:

жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарна төлеу;
жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.

Дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5%-ін құрайды. Яғни жаңа жылдан бастап олар 4 250 теңге төлейді.

15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады. 2024 жылы мемлекеттің бір адамға төлейтін жарнасы айына – 5852,63 теңге.

Кімдер декларация тапсырады

1 қаңтар елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады.
Алдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін барлық кәсіпкер: бизнесмендер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.

Бұл талап жеке кәсіпкерлігі мен заңды тұлғасы өз қызметін тоқтатқан немесе мүлдем жұмыс істемеген жеке кәсіпкерлер мен бизнесмендерге де қатысты.

Қазақстанда мүлік ретінде тіркелген пәтерлерді, қала сыртындағы үйлерді немесе автокөліктерді декларацияға енгізудің қажеті жоқ. Барлық мемлекеттік органмен интеграцияның арқасында Мемлекеттік кірістер комитетінде олар туралы ақпарат бар. Сондықтан қажет болған жағдайда бұл мәліметті алу қиын емес.

Қазақстандықтардың петициясы үкімет деңгейінде қаралады

2024 жылы сәуір айынан бастап онлайн петиция берудің арнайы платформасы іске қосылады.
Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі бекітілген. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады:

аудан әкімдігі қарау үшін – 2,5 мыңнан астам;

аудандық мәслихат үшін – 5 мың;

облыстық деңгейде – облыс халқының 1 пайызынан астамы;

облыстық мәслихат – облыс тұрғындарының 2 пайызы;

үкімет деңгейінде қарау үшін 50 мың адамның қолы қажет.

Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады.

Балабақшаға бірыңғай кезек

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады.

Ата-аналар Egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн берілген өтініштің мәртебесін бақылай алады. Балабақшалардың бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады.

Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді.

Бірыңғай деректер базасы мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалмақ. Үкімет бұл жүйе балабақшалардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды деп үміттеніп отыр.

Бүлдіршіннің денсаулығы туралы қажетті құжаттар денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Келісімшарт қол қоюға және баланы балабақшаға тіркеу үшін ата-аналарға онлайн режимде жолданады.
Қазақ тілінен емтихан

2024 жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл өзгерістер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілген, яғни мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі.

Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.

Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады.
Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.

Уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды

2024 жылы көктемде Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі деп жоспарланып отыр. Еліміздің 15 өңірі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді.

Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ештеңе өзгермейді.
Айта кетері, Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы бір жыл бойы бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді.

Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына кері әсер етеді.

Бұдан бөлек бірыңғай уақыт белдеуін орнату әртүрлі өңір тұрғындары арасындағы уақыт кедергілерін жояды, көлік және басқа да коммуникациялар жақсарады, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимылына жағымды әсер етеді, деп сендіріп отыр сарапшылар.

Автогаздың шекті бағасы

Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітті. Олар 2024 жылғы 1 қаңтардан күшіне енеді.

Өңірлер бойынша бекітілген шекті баға:
Астана – 76 теңге;
Алматы – 81 теңге;
Шымкент – 64 теңге;
Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге;
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге;
Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды ​​облысы – 76 теңге;
Жамбыл облысы – 71 теңге;
Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары. – 64 теңге;
Павлодар облысы – 74 теңге.
Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге.

Әр облыстың шалғай аудандары үшін (облыс орталықтарынан 200 шақырымнан астам) шекті бағалар 5 теңгеге жоғары болады.
Газбен жүретін көліктер арнайы белгі жапсыруға міндеттелді

Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі жапсыруға міндеттеледі.

Арнайы белгі – жиегі қара түсті және "GAS" деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш.
Газбен жүретін, бірақ көлігінде "GAS" белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК немесе 11 076 теңге айыппұл салынады.

Сауда министрлігінің ақпаратынша, елімізде газ баллон жабдығы орнатылған 380 мыңнан астам автокөлік тіркелген.

Жүк көліктеріне айыппұл салына бастайды

2024 жылы қалаларға кіретін және одан шығатын жолдарға бейнекамералар орнатылады. Олар ауыр жүк көліктеріне артық салмақ үшін автоматты түрде айыппұл салады. Сондай-ақ 220 камераны "Сергек" бейнебақылау жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек көлік министрлігі бөлінбейтін ауыр жүктерді тасымалдауға ресми арнайы рұқсаттар беру және самосвалдардың жолдармен қозғалысын шектеу тетіктерін пысықтап жатыр. Егер министрліктің ұсынысы үкімет пен парламентте қолдау тапса, артық жүктің шегі мен ақысы бекітіледі.

Сонымен қатар ауыр карьерлік жүк көліктеріне 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында қазақстандық жолдармен жүруіне тыйым салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама