Көгілдір отынның құбырлары күрделі жөндеуді қажет етеді
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің елді мекендерін газдандыру мәселесі қаралды.
Отырыста Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдері баяндама жасады.
Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстанда халықтың 57,67 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Қазір елді газдандыру 2015-2030 жылдарға арналған бас схемаға сәйкес іске асырылуда.
Премьер-министр соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ға артқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде ғана 3600-ден астам өнеркәсіптік нысан көгілдір отынға көшірілді.
«Биыл тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге дейін өседі деп болжануда. Газдандырылған елді мекендердің жалпы саны 1700-ден асады. Осылайша 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді, - деді Ә. Смайылов.
Сонымен бірге Үкімет басшысы тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын атап өтті.
«Өсіп келе жатқан халық саны мен өнеркәсіп саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ көлемі жеткілікті болуы керек. Сондықтан ресурстық базаны кеңейту, оның ішінде ауқымды геологиялық барлау жұмыстары негізгі міндетке айналуы тиіс», - деді ол.
Премьер-министрдің пікірінше, шикізат қоры, әсіресе, газдың жеткілікті көлемі нарыққа келетін әлеуетті инвесторлар үшін аса маңызды.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов елді одан әрі газдандыру газ тасымалдау жүйесінің деңгейі мен жағдайына тікелей байланысты екенін атап өтті. Бүгінгі таңда газ құбырлары тиісті қуатында жұмыс істеп тұр. Олардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған орай Премьер-министр 1 шілдеге дейін Үкіметке Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас схемасының жаңартылған жобасын енгізуді тапсырды.
«Жаңа нысандарды салу, ескілерін жаңғырту және жөндеу бойынша нақты жоспар болуы керек», — деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы Президенттің тапсырмасына сәйкес еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы шешімі іздестіріліп жатқанын айтты.
«Қазір екі нұсқа пысықталып жатыр. Бірі – Ресей арқылы газ тарту болса, екіншісі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан кешіктіруге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.