Ауа-райының жақсаруына байланысты рейстердің ұшу-қонуы орындалатын болады
Азаматтық авиация комитеті Астана қаласының әуежайында рейстердің кешігуіне қатысты мәлімет жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Астана әуежайынан ұшуға 84 рейс жоспарланған, 38 рейс кешіктірілген. Бүгін сағат 00:00-ден 08:00-ге дейінгі аралықта ұшуға 39 рейс жоспарланған, оның 22-сі кешігумен ұшып, 17-сі кешігіп жатыр. Сағат 09:30-дан 12:00-ге дейін Астана әуежайы ауа-райының нашарлауына және тұрақ орындарының шектелуіне байланысты әуе кемелерін қабылдауға жабылды. Барлығы 64 тұрақ бар.
Астана әуежайы аймағында нақты болжам бойынша жел 18 м/с, екпіні 23 м/с дейін, көріну 100-150 метр, боран. Әуе кемелерін мұзға қарсы өңдеуді жүргізу желдің жылдамдығы 15 м/с дейін, көріну 800 метрден астам, сондай-ақ жауын-шашын болмаған жағдайда ғана мүмкін болады.
Қазір қолайсыз метеожағдайлар және тұрақ орындарының болмауына байланысты Астана әуежайынан/әуежайына 10 рейс ұшуға және 20 рейс ұшып келуге кешігіп жатыр.
Жолаушыларға әуекомпанияның анықтамалық қызметтерінде, әуежай қосымшаларында және қызметтерінде рейс мәртебесін нақтылау ұсынылады. Жолаушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметтер, оның ішінде рейстің ұшуын 2 сағаттан астам күткен кезде сусындар, 4 сағаттан асса, ыстық тамақ, 8 сағаттан асса қонақүйде орналастыру ұсынылады.
Ауа-райының жақсаруына байланысты рейстердің ұшу-қонуы орындалатын болады.