Олар түрмеге тыйым салынған затты өткізбек болғандарды да ұстаған
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты сарбаздар бір жылда 500-ге жуық тәртіпсіздіктің жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Атабек Салықбаев бүгінде сарбаздар синтетикалық есірткіні тасымалдаушылармен белсенді күресіп жатқанын жеткізді.
Сондықтан мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар жағдайды жіті бақылауда ұстап, Отан алдындағы борышын адал атқарып жатыр. Сондай-ақ олар қылмыстың ізін суытпай ашуға өз үлесін қосуда. Өскемендіктер сарбаздарға алғыс айтады, - деді полковник.
Сондай-ақ Ұлттық ұлан сарбаздары қала тыныштығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Шығыс Қазақстандағы түзеу мекемелерін де күзетеді.
2023 жылы олар түрмеге тыйым салынған затты лақтырмақ болған 100-ден аса күдіктіні ұстаған.
Сонымен қатар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында әскери борышығын өтеуге келген 80-ге жуық сарбаз келісімшарт бойынша қызметке тұрған. Бұл былтырмен салыстырғанда 10%-ға жоғары.