Бұл отбасы жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысқан
Петропавлда бір отбасын қырып салған қандықол қос күдікті ұсталды. Олар кәсіпкердің үйіне кіріп, 17 жасар ұлы мен әйелін қоса өлтірген. Бірақ күдіктілердің бұл қылмысқа неге барғаны белгісіз.
Қанды қылмыс Петропавл маңындағы Рабочий кентінде болды. Кеше күндіз кәсіпкердің үйінен үш адамның өлі денесі табылған. Бұл отбасы жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысады екен. Таңертеңнен бері хабар ала алмаған кәсіпкердің қарамағындағылар дабыл қағыпты. Тек сол кезде ғана отбасы мүшелерін өлтіріп кеткені анықталған.
Көршілердің айтуынша, күдіктілер алдымен 17 жастағы ұлын пышақтап өлтірген. Ал ата-анасына дүкеннен қайтып келген бетте табалдырықта бас салған көрінеді. Бірақ қылмыстың нақты қалай болғаны тергеу құпиялығына байланысты айтылмай отыр. Бір отбасын қырып салуға не түрткі болғаны да белгісіз.
Азат Құсайынов, СҚО ПД басқарма бастығының орынбасары: — Аталған факті ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі , 1-тармағы, яғни екі немесе одан да көп адамды өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. СҚО полиция департаментінің қызметкерлері облыс орталығының екі тұрғынын ізін суытпай ұстады. Олар Петропавл ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.