Halyq Uni логотип
×

Жаңа жылға арналған республикалық Президент шыршасына 100 бала қатысты

Балаларға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты табыс етілді

 Динара Амантай 29.12.2023 | 17:53
Жаңа жылға арналған республикалық Президент шыршасына 100 бала қатысты
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада президент атынан балаларға арналған «Жаңа жыл республика төрінде» республикалық шырша тойы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам бала қатысты. Шырша салтанатына қатысушылардың ішінде он жасар Малика Мұхамеджанова да бар. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайын ауданы Смирново ауылындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушысы бұл шара үшін арнайы өз қолымен 100 тірі раушан гүлінен сәнді көйлек тігіпті.

Бүгін бәрі ертегідей. Мені бұл көрініс аса таң қалдырды. Барлығы сондай сәнді, мен де бүгінгі салтанатқа орай өзіме әдемі көйлек тіктім. Мереке үшін рахмет!, – деді Малика.

Мерекелік жиынға Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның 6 «а» сынып оқушысы Акпанова Сания да өз туындысымен көзге түсті. Оның «Отты Самұрық құсы» туындысы алюминий сымнан, сәндік тастардан, алтын түсті картоннан жасалған.

Самұрық – қазақ мәдениетінде де, халқымыздың тарихында да елеулі орын алатын мифтік құс. Қазақ халқында Самұрық құсы – барша тіршілік иесіне нұр мен жылу, өмір мен үміт сыйлаудың символы! – деді Сания.

Отбасы үлгісіндегі балаларды қолдау орталығының тәриеленушісі, Маңғыстау облысынан келген Виктор Бояркин Президенттен шақырту алғаны үшін алғысын білдірді. Үшінші сынып оқушысы каратэмен айналысады және домбырада ойнайды.

Шырша тойына қатысқаным үшін аса қуаныштымын. Оның үстіне бізге көптеген сыйлықтар берілді. Осындай шексіз қуаныш сыйлаған Президентке және барша қатысушыларға рахмет айтамын, – деді ол.

Шыршаға шақырылған балаларға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құттықтау хат табыс етілді.

Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!, – деп жазды президент балаларға арналған құттықтауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама