20-дан астам коммуналдық меншік ұйымы жекешелендіру жоспарынан алынып тасталады

Динара Амантай

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру барысы талқыланды

Фото: primeminister.kz

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қатысушылар жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру барысын талқылады. Атап айтқанда, одан 20-дан астам коммуналдық меншік ұйымын алып тастау ұсынылып отыр. Олардың ішінде ТКШ нысандары, кейбір медициналық және микроқаржы ұйымдары бар. Соңғыларын мемлекет жеңілдікпен несие беру және кәсіпкерлерді оқыту бойынша қызметтер көрсету үшін пайдаланатын болады.

Сонымен қатар отырыс барысында ҚР өнеркәсібін қолдау мәселелері, оның ішінде отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолжетімді қаржыландыру шараларымен қамту талқыланды. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкерлік нысандарын қолдау мәселелері қаралды.