Қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик Рәпия Халықованың құрметіне музей ашылды
Музейге Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері, 40 жыл ұстаздық еткен Ордабай Сәдібеков туралы мәлімет қойылды
Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Кенен ауылында қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик, КСРО кинематографиясының үздігі, «Құрмет», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының құрметті киномеханигі Рәпия Халықованың құрметіне музей ашылды.
Рәпия Халыққызы ашаршылықта дүниеге келіп, сұрапыл соғыс жылдарында өмірге қадам басып, мәдениет саласында 36 жыл еңбек еткен. Сол қызметі үшін КСРО кинематографиясының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды.
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаеваның айтуынша, Рәпия Халықова атындағы музейдің қазақ киносынан мағлұмат беретін құнды мәдени орда болатыны сөзсіз. Ол – жастарға рухани-мәдени қазына беретін үлкен мұра. Музейді Сәдібековтер әулеті өз қаражатына ашты.
Осы істің басы-қасында Рәпия Халыққызының ұлы, белгілі журналист Ақын Ордабайұлы жүрді. Оның айтуынша, музейге анасының көзі тірісінде қолына ұстаған заттары мен тарихи құнды жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар музейдің бір бұрышына қазақтан шыққан тұңғыш киномеханиктің өмірлік жары болған Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері, алғаш болып Қордай аудынының құрметті азамат атағын алған жанның бірі, 40 жыл ұстаздық еткен Ордабай Сәдібеков туралы да бұрыш ашылып, көрермен назарына ұсынылған.
«Музейдің ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, Қордай ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетовтер арнайы келіп, кабинеттің ашылу лентасын қиды. Ауыл халқы мен Алматыдан арнайы келген мәртебелі қонақтар да музейді аралап, әрбір фото архив пен құнды жәдігерлермен танысып, үлкен әсермен шықты. Сосын көпшілік Мәдениет үйінің орталық залына барып, концерт тамашалады. Мәдениет үйінің меңгерушісі Жазира Орынқызының үйлесімді ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шарада «Қазақфильм» компаниясы түсірген «Рәпия» атты деректі фильм мен оның өмір жолы туралы жарасымды жасалған слайдттар көрсетілді.
Одан кейін Кенен Әзірбаевтың шәкірті Асылқұл Бүрбаевтың ұлы Ерлан Бүрбаевтың кеш иесіне арнап шығарған өлеңі оқылды. «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, Ғылым академиясы қауіпсіздік қызметінің басшысы, полковник Сайфутдин Шамсутдинов, Кітап палатасының редакторы, белгілі журналист Нұрымжан Мауыт, ардагер фотограф Қуантқан Сапаров анамның қолынан дәм татып, ғибаратқа толы әңгімелерін тыңдағандарын сөз етіп, осындай қуанышты іс-шараға куә болып отырғандарына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге 20 жылдай асыл анамыздың жанында жүріп, бел шәкірті болған Серік Сұраншыбайұлы, Ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Тұрсымбек, Сиязбай, Аман ағаларымыз да аяулы анамыз туралы қызықты естеліктер айтты, – деді Ақын Ордабайұлы.
Кеште қонақтарға ас беріліп, Рәпия Халыққызы мен Ордабай Сәдібековтің рухына арналып құран бағышталды. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, бұл күн де ертең тарих болып қалатынына сенім зор. Қордай ауданында алдағы жылы үлкен музейдің қабырғасы қаланады. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы сол музейде қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик Рәпия Халыққызының атындағы бір бөлме ашылатынын атап өтті.