ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

Динара Амантай

Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмаған баланы ұстады

Фото: polisia.kz

Қысқы демалысқа байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының өміріне барынша араласуға шақырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құрметті ата-аналар! Қазір есірткі кез келген отбасының өміріне енуі мүмкін. Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмаған баланы ұстады. Сіздер балаларыңыздың ортасын білулеріңіз керек, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды қадағалағандарыңыз абзал. Жасөспірімнің заттарының арасында кез келген дәрі-дәрмек қаптамалары, фольга, шыны түтіктері, тамшуырлар кездессе, мұқият болыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Ақша шығынына немесе, керісінше, оның көбеюіне назар аударыңыз. Себебі есірткіні қолданудан басқа, бала тез арада көп табыс табу мүмкіндігіне қызығып, оны таратуға қатысуы мүмкін, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Егер балада араласатын ортасы өзгерсе, достарымен сөйлесу немесе хат алмасу кезінде жаңа түсініксіз сөздер пайда болса, телефонда, мессенджерлерде геолокациялары бар белгілер, фотосуреттер, телефон нөмірлері, интернет-сайтқа сілтемелері бар жазбалар немесе сандар жиынтығы, белгісіз заттары бар түрлі-түсті орама болса, ата-ана күдіктенуге тиіс.

Еске сала кетсек, есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, есірткіні сатқаны үшін 14 жастан басталады.