«Бөлінетін қаржы жеткіліксіз». Мәслихат депутаттары министрден көмек сұрады
Аудандағы желілер 90%-ға тозған
Ақмола облысының мәслихат депутаттары Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан көмек сұрады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство басшысы өңірге жұмыс сапарымен барып, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен, AMANAT және Aq jol партияларының өкілдерімен кездесті.
Кездесуде бюджет қызметкерлерінің жалақысы, жаңа Бюджет кодексі және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Әлібек Қуантыров биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына шамамен 200 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Нәтижесінде 800-ге жуық ауылды дамытуға қаржы бөлінген.
Сондай-ақ жиында депутаттар Зеренді ауданының энергетикалық жағдайын назардан тыс қалдырмауды сұрады. Мұндағы желілердің тозу көрсеткіші – 90%. Олардың айтуынша, облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз.
Бұл мәселе ерекше бақылауда. Модернизациялау республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, ал қалған бөлігі тарифтер арқылы жүргізіледі. Қазір кешенді жұмыс атқарылып жатыр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыс қолға алынды, - деді министр.