Halyq Uni логотип
×

Qazaq Air әуе компаниясына кешенді тексеру жүргізіледі

 Динара Амантай 28.12.2023 | 15:03
Qazaq Air әуе компаниясына кешенді тексеру жүргізіледі
Фото: Halyq Uni

2023 жылғы 27 желтоқсандағы Qazaq Air әуе компаниясының рейстерді уақтылы орындау және көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты жолаушылар тарапынан өтініштердің артуына байланысты, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық инспекторлары кеше сағат 11:00-де Астана – Талдықорған бағыты бойынша IQ-429 рейсін жоспарлаған, тіркеу нөмірі «UP-DH005», «Bombardier-Q400» әуе кемесіне жоспардан тыс жедел перрондық тексеру жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл рейс ауа райына байланысты сағат 14:30-ға дейін кешіктіріліп, кейін әуе кемесіндегі техникалық ақауға байланысты тоқтатылды. Ұшуды күту кезде жолаушыларға алкогольсіз сусындар берілді. Рейстің тоқтатылуына байланысты барлық жолаушыға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әуе билеттерінің құнын толық қайтаруды немесе алдағы күндерге қайта брондауды ресімдеу ұсынылды. 22 жолаушының билеті 2023 жылғы 28 желтоқсанда Астана – Алматы бағыты бойынша қайта брондалып, 5 жолаушының билеті 2023 жылғы 29 желтоқсанда Астана – Алматы бағыты бойынша рейске қайта брондалды, – делінген ААК хабарламасында.

Тексеру барысында авиациялық инспекторлармен рульдеу кезінде әуе винті жылыту жүйесінің ақауы анықталды. Ол ақаулар жойылғаннан кейін әуе кемесі ұшуға жіберілді.

Осыған байланысты, әуе кемесі 2023 жылғы 27 желтоқсанда сағат 19:52-де Астана – Петропавл бағыты бойынша IQ-437 рейсін орындады.

Сонымен қатар, жақын арада әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұшулардың жүйелілігін бақылау тұрғысынан әуе компаниясына кешенді тексеру жүргізу жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама