×

Биыл 15 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Осы жылдан бастап инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға және салуға тыйым салынды

 Динара Амантай 28.12.2023 | 09:13
Фото: primeminister.kz

11 айдың қорытындысы бойынша 15 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы республика бойынша 134 мың тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 32 мыңнан астамы – жеке тұрғын үйлер.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 12,6% артық.

2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол құрылыс индустриясы саласындағы жалпы құны 1,8 трлн теңгеге жуық 270 жобаны қамтиды. Биыл 73 млрд теңгеге 41 жоба іске қосылды. Олардың ішінде Қарағанды облысында бірінші сұрыптағы әк және Астанада асфальт бетонын өндіретін зауыттар бар. Абай облысында цемент зауыты қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Жетісу облысында қыш тақтайша өндірісі кеңейтілді. Астанада шатыр және қаптайтын материалдарды шығару жолға қойылған.

Республикада құрылыс материалдарының өндірісі – 10,2%, 1,03 трлн теңгеге дейін өсті. Кезекте тұрғандарды қолжетімді әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында 10,9 мың жалдамалы пәтер сатып алуға 104 млрд теңгеден астам, сондай-ақ несиеге берілетін 12,5 мың тұрғын үй салуға және сатуға 158 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. «Отбасы банк» 43,7 млрд теңге сомасына баспана алуға 2% жеңілдікпен 4,4 мың несие, сондай-ақ 32 млрд теңгеге 5% жеңілдікпен 2,7 мың несие берді. Бір-біріне өте жақын етіп үй салуға жол бермеу мақсатында 2024 жылғы қаңтардан бастап енгізілетін бірыңғай қала құрылысы сараптамасының тетігі әзірленді. Биыл инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға және салуға тыйым салынды. Биыл 3,6 мыңға жуық астаналық үлескер пәтер кілтін алды.

Сондай-ақ 560 шақырым жылу желілері, бұған қоса 1,7 мың шақырым сумен жабдықтау және су тарту желілері жөнделді.  Жыл соңына дейін ел тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету деңгейін 97,6%-ға дейін, оның ішінде қалаларда 98,8%-ға дейін, ауылдарда 96,3%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама