Жоғалған әскеридің денесі әлі табылған жоқ
Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Тараз маңындағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары неге ұзаққа созылып кеткеніне жауап берді.
Келісемін, іздеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Жұмыстың неге ұзақ жүріп жатқанын сол жерге барып анықтау керек. Оқиға болғаннан бері іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Бұл ақпарат жариялауға жатпайды. Алайда өте ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді вице-министр.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.
Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевтың денесі табылмайынша, оның туыстарына жәрдемақы берілмейтінін айтты.
Ашық дереккөздерде Бауыржан Дәуітбаевтың төрт баласы (үш ұл, бір қыз) бары, ал әйелінің бесінші баласына жүкті екені айтылған.