Ірі кен орындарының 50% үлесі міндетті түрде мемлекет меншігінде болуы керек – Ерлан Қошанов
Бұл жаңадан ашылған ірі мұнай-газ кен орындарына қатысты
Қазақстанда жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орнының 50% үлесі міндетті түрде мемлекет меншігінде болуы керек. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, депутаттардың бастамасымен Жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізген.
Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орнының 50% үлесі міндетті түрде мемлекет меншігінде болуы керек. Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілгенін атап өтті.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 55 жасқа толған және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін кеншілер арнаулы төлемді қалай алатынын түсіндірген еді.