Тергеушілер 50 мыңға жуық істі сотқа жіберді
Осы жылдың басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді
Бүгінде еліміздегі қылмыстық істердің 96%-ын ішкі істер органдарының тергеушілері тергеп жатыр. Осы жылдың басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді. Оның ішінде 167 мың іс аяқталды. 50 мыңға жуығы сотқа жіберілді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, биыл ІІМ тергеушілері азаматтарға үлкен шығын келтірген қылмыстық топтарға, есірткі зертханаларына, бала саудасына, қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады. Ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 49 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 1 409-ы аса ауыр қылмыс, 12 517-сі ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Тергеушілер жұмысындағы басым бағыттардың бірі – қылмыстан зардап шеккендерге келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз ету.
Биыл жәбірленушілерге 21 млрд теңгеден астам шығын өтелді. Ал мүлікті тәркілеуге қатысты сот үкімін орындау мақсатында 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Тергеу нәтижелері бойынша тергеу және анықтау бөліністерімен қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы 50 мыңнан астам ұсыныс енгізілді.