Halyq Uni логотип
×

2023 жыл қорытындысы: Үкімет көлік саласының даму нәтижелерін жариялады

Алдағы үш жылда 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады

 Динара Амантай 26.12.2023 | 09:01
2023 жыл қорытындысы: Үкімет көлік саласының даму нәтижелерін жариялады
Фото: primeminister.kz

Көлік саласына тартылған инвестиция көлемі 1,6 есе өсіп, 1,8 трлн теңгеге дейін жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық әлеуетті дамытуды Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Қазір елімізде автомобиль, теміржол, әуе және теңіз салаларын қамтитын бірқатар ірі көлік жобалары іске асырыла бастады. Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн тонна болды. Салаға тартылған инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 1,8 трлн теңгеге дейін жетті.

Теміржол көлігі саласында бірнеше ірі мегажоба іске асырыла бастады. Қарашада Алматы торабын айналып өтетін және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы басталды. Желтоқсанда Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы басталды.

Жалпы алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады.

Жөндеу-құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті маңызы бар 10,7 мың шақырым автокөлік жолдарын қамтыды.

Үш ірі жоба аяқталды:

  • ҮАААЖ;
  • «Қандыағаш – Мақат»;
  • «Үшарал – Достық».

Құрылысы ұзаққа созылған 6 жоба бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілді. 2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын бірқатар басым жол жобаларын іске асыру жоспарланған.

Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамыту үшін бірқатар маңызды жоба пысықталып жатыр. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жоспарланған. Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды.

Жобалардың барлығын іске асыру Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілетін 10 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық әуе компаниялардың әуе кемелері паркі 89-дан 98-ге, ал орын саны 12 мыңнан 15 мыңға дейін өсті. Жеке инвестиция есебінен 3 жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. 23 бағыт бойынша 13 елге рейстер ашылып, жаңғыртылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама