×

Түркістан облысында дәрігерлерге 75 жедел жәрдем автокөлігі тапсырылды

Биыл 18 медицина мекемесі ел игілігне беріледі

 Дастан Жұмабекұлы 25.12.2023 | 15:46
Фото: gov.kz/Түркістан облысының әкімдігі

Бүгін Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарға 75 жедел жәрдем санитарлық автокөлігі тапсырылды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты жиында облыс әкімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталып, медициналық нысандарды арнайы техникамен қамтуды тапсырғанын, осы бағытта Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту үшін 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, биыл 18 нысан ел игілігіне берілетін болады. Басым бөлігі тапсырылып үлгерді. Бұдан бөлек, 2024 жылға «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 49 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланды. Халық денсаулығы үшін, оның ішінде бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметтерін күшейту мақсатында облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы соңғы заманауи медициналық техникалармен жабдықталып жатыр.

Бүгін облыс аумағын толық жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз ету мақсатында тағы 75 көлікті сіздерге табыстағалы тұрмыз. Пайдалануға беріліп отырған санитарлық автокөліктер ел игілігіне қызмет етіп, аудан, қала тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсете берсін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, істеріңізге табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Жаңадан тапсырылған Hyundai i30 маркалы 75 санитарлық автокөліктері заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Оған 1,3 млрд теңге бөлінген. Автокөліктер 17 аудан, қаладағы медициналық ұйымдар мен Облыстық жедел жәрдем станциясына және облыстық ауруханаларға берілді. Өңірде медицина саласын дамыту жұмыстары жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама