Жаңа 2024 жылға арналған ресми демалыс күндері – 1, 2 қаңтар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылғы демалыс күндері туралы түсініктеме берді. Әсіресе көптеген мереке күндері жұма күніне түсетіндіктен, қатарынан үш күн демалу мүмкіндігі көп, – деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа 2024 жылға арналған ресми демалыс күндері – 1, 2 қаңтар. 2023 жылдың соңғы сенбі-жексенбісі 30 және 31 желтоқсанға сәйкес келеді. Осылайша, аптасына 5 күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 4 күн қатарынан демалысқа шыға алады.
Содан кейін 3,4,5 қаңтар – жұмыс күні. Ал 7 қаңтар – Рождество мерекесі жексенбі болғандықтан, қосымша демалыс күні берілмейді. Сәйкесінше, 5 күн жұмыс істейтіндер 6,7 қаңтарда әдеттегідей демалады.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні 2024 жылы жұма күніне келеді. Осылайша, 5 күндік жұмыс аптасындағы қазақстандықтар 8,9,10 наурыз күндері үш күн қатарынан демалады. Алты күндік жұмыстағылар 8 наурыз демалып, сенбі – 9 наурызда жұмысқа шығады.
Наурыз мерекесі 21-23 наурыз – бейсенбі, жұма, сенбі күндеріне түседі. Сенбі күнгі демалыс дүйсенбі – 25 наурызға ауыстырылады. Яғни, аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күндері бес күн демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24 наурызда төрт күн демалып, дүйсенбі 25 наурызда жұмысқа шығады.
«ҚР мерекелері туралы» заңның 3-бабына сәйкес, мамыр айында қазақстандықтар үш мерекені тойлайды: 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі; 7 мамыр – Отан қорғаушы күні; 9 мамыр – Жеңіс күні. Барлық мереке күндері аптаның ортасына түседі (1 мамыр – сәрсенбі, 7 мамыр – сейсенбі, 9 мамыр – бейсенбі). Сондықтан қазақстандықтар бір күн демалып, бір күн жұмыс істейді және тағы бір күн демалып, тағы демалысқа шығады. Әзірге министрлік мереке күндерін ауыстыру туралы еш шешім қабылдаған жоқ.
Дәлірек айтқанда, 5 күн жұмыс істейтіндер 1 мамырда демалып, 2-3 мамырда жұмыс істейді, 4-5 мамырда (сенбі-жексенбі) демалады. Дүйсенбі 6 мамырда жұмыс істеп, 7 мамырда демалады, 8-і күні тағы жұмыс істеп, 9 мамырда демалады. 10 мамыр жұма күні жұмысқа шығып, 11-12 мамырда демалады.
Алты күндік жұмыс аптасында 1 мамыр – демалыс, 2,3, 4 мамыр – жұмыс, 5 мамыр – демалыс, 6 мамыр – жұмыс, 7-сі – демалыс, 8-і – жұмыс, 9-ы – демалыс, 10,11 мамыр – жұмыс, 12 мамыр – жексенбілік демалыс.
2024 жылы Құрбан айт мерекесі шамамен 16 маусымға сәйкес келеді, бұл күнді Еңбек министрлігі діни басқармамен бірлесіп белгілейді. Бұл күн жексенбі болғандықтан, қосымша демалыс күні берілмейді.
6 шілде – Астана күні мемлекеттік мереке болып саналады. Келер жылы бұл күн сенбіге түседі, сондықтан 5 күн жұмыс істейтіндер үшін демалыс күні дүйсенбі 8 шілдеге ауыстырылады және үш күн қатарынан демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер 8 шілдеде жұмысқа шығады.
30 тамыз – Конституция күні де мемлекеттік мереке. 2024 жылы бұл күн жұмаға түседі, бес күн жұмыс істейтіндер 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері тағы да үш күн демала алады. Алты күндік жұмыста 30 тамыз – демалыс, 31 тамыз – жұмыс, 1 қыркүйек – жексенбілік демалыс.
Өткен жылы 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі қайта оралған еді. Бұл күн де 2024 жылы жұмаға сәйкес келеді және үш күн демалу мүмкіндігі болады. Алты күн жұмыс істейтіндерге 25 қазан – демалыс, 26 қазан – жұмыс, 27 қазан – жексенбілік демалыс.
Жылдың соңғы мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Келер жылы Тәуелсіздік күні дүйсенбіге түседі. Демек, 5 күндік жұмыстағыларға 14, 15, 16 желтоқсан – демалыс. Ал 6 күндік жұмыстағылар – 14 желтоқсан жұмыс істеп, 15, 16 желтоқсанда демалады.