«Жас талғамайтын өнер»: Садақ ату федерациясы әуесқойдан кәсіпқой мергендер шығарады
Коммерциялық мақсатта көптеген садақ ату клубтары ашылып жатыр. Алайда олар демалыс үшін болса, біздікі – кәсіби спорт, - дейді федерация жетекшісі
Өскеменде дәстүрлі садақ ату федерациясының құрылып, жұмыс істеп жатқанынан бір жылдан асты. Осы аралықта өңірде садақ атудан бірқатар чемпион шықты, деп хабарлады Halyq uni.
Өскемен дәстүрлі садақ ату федерациясының жетекшісі Ажар Рахметқызының айтуынша, өңірдегі алғашқы садақ ату үйірмесі 2019 жылы Глубокое кентінде басталған.
Кейін Өскеменге көштік. Федерация 2022 жылы ресми тіркеліп, биыл ақпанда аккредитациядан өтті. Содан бері белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде 80-ге жуық ересек пен 50-ге жуық жасөспірім дәстүрлі садақ атумен айналысып жүр. Қатарымыз әрі толады деп ойлаймын. Себебі 2024 жылы садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионтаны Өскемен қаласында өтеді. Сондықтан оған дейін көптеген жасөспірімді тартып, чемпион шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Федерация жетекшісінің айтуынша, облыста дәстүрлі садаққа деген қызығушылық артып келеді.
«Халықтың садақ атып үйреніп, кәсіби түрде айналысуға деген қызығушылығы өте жоғары. Өйткені садақ ату – жас талғамайтын өнер болғандықтан, қазір балаларды 6 жастан бастап қабылдаймын. Кейде ата-аналар балаларын алып келеді. Кейін өздері де қызығушылық танытып, айналыса бастайды. Бүгінде садақ атуға арнайы Риддер, Ақжар мен Тарбағатайдан келіп жатады.
Қарқынды жарнаманың арқасында кең танылып, сәнге айналып келеді. Әрине коммерциялық мақсатта көптеген садақ ату клубтары ашылып жатыр. Біз оған қуанамыз. Алайда олар демалыс үшін болса, біздікі – кәсіби спорт. Федерация болғандықтан жауапкершілік бар. Сондықтан әуесқойдан кәсіпқой мергендерді шығарамыз, - деді ол.
Сонымен қатар ол келесі жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатқанын атап өтті.
«Өзім биыл дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама командаға кірдім. Барынша дайындалатын боламын. Садақшылар үшін қыс мезгіліндегі дайындық маңызды. Бұл үшін бізге 60 метрге дейін қашықтықта садақ ататын зал керек. Ондай залды табу қиындау», - деді Ажар Рахметқызы.