Оқиға салдарынан 3 адам қаза тапты
Әлеуметтік желіде Алматыда автобус жүргізушісін ұрып-соққан ер адамның видеосы жарияланды.
Айта кетейік, Алматы қалалық полиция департаменті 22 желтоқсанда сағат 18:15-те 47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы - «ДуманТрансКом» ЖШС) жолаушысы жанжал барысында жүргізуші әйелді ұрғандығын, салдарынан оның есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын хабарлаған болатын.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.
Оқиға салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.
Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК-нің 351-бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ұсталған адам ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.